Ашимов Жанат Ашимович 1949 жылы 1 қарашада Қазақ КСР Қарағанды қаласында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1968 жылы Қарағанды облысы Саран қаласындағы №1 орта мектепті бітірген. Тау-кен техникалық және жоғары педагогикалық білімі бар. 1980 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді педагогикалық институтты, ал 1989 жылы Қызыл Ту орденді Қарағанды тау-кен техникумын тәмамдаған. Еңбек жолын 1968 жылдың тамыз айында Саран қаласының байланыс торабына қарасты АТС-те жұмысшы болып бастаған. 1968 жылдың қазанынан 1970 жылдың қарашасына дейін Кеңес Әскери күштерінде міндетті әскери қызметін өтеген. Қордағы офицер, капитан әскери шені бар.
Қазіргі уақытта жасы бойынша әскери есептен шығарылған. 1971 жылдың қаңтарынан 1990 жылдың мамырына дейін «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің «Сокурская» шахтасында жер астындағы электрслесарь, тау-кен шебері, шахта директорының кадрлар жөніндегі көмекшісі, шахта кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. 1990 жылдың мамырынан 1995 жылдың қаңтарына дейін, өндірістік қажеттілікке байланысты, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің «Дубовская» шахтасында беттік технологиялық кешен бастығы, шаруашылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі директор орынбасары, кадрлар жөніндегі директор көмекшісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың қыркүйегіне дейін «Дубовская» және «Саранская» шахталарының бірігуіне байланысты, еңбек қызметін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Саранская» шахтасында кадрлар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі директор көмекшісі ретінде жалғастырды. 2014 жылғы 30 қыркүйекте зейнетке шығып, еңбек қызметін тоқтатты. Жалпы еңбек өтілі — 46 жыл, оның 44 жылы көмір өнеркәсібінде өтті. Қоғамдық қызметі: Саран қалалық халық депутаттары кеңесінің бірнеше шақырылымында депутат болып сайланған. Қаладағы сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болған.1996–1999 жылдары Қарағанды облысы Саран қалалық мәслихатының I шақырылым депутаты, №16 сайлау округінен сайланған.
Саран қаласының Құрметті азаматы Ашимов Жанат Ашимович құжаттар топтамасын мемлекеттік архивке сақтауға өзі келіп тапсырды.